Түркология журналы

«Түркология» журналының редакциялық ұстанымы және саясаты

2002 жылы 9-12 қазан аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен дәстүрлі І халықаралық Түркология конгресінде қазіргі заманғы түркология ғылымының өзекті мәселелерін жариялау мақсатында «Түркология» журналын жүйелі түрде шығарып тұру туралы қарар қабылданды. Журнал сол уақыттан бастап тұрақты түрде екі айда 1 рет (жылына 6 рет) басылып шыға бастады. 2003 жылғы мамыр айынан Париж қаласындағы халықаралық ISSN орталығында (ISSN 1727-060Х), ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің мерзімді баспасөз басылымы және ақпараттық агенттігінде (Куәлік № 55-97-Ж 18.ІІ.2005 ж.) тіркелген.

Қазіргі жаһандану дәуірінде, түркі халықтары бірін-бірі терең түсінісу қажеттілікке айналған кезеңде, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартқан тарихын, мәдени-рухани құндылығын танып-білу ғылыми-танымдық мәнге ие. Сондықтан «Түркология» журналына қабылданатын мақалалар, негізінен, түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, тарихы, мәдениеті мен діні, өркениеті, этнографиясын бүгінгі заман талабына сай қарастыру, қазіргі түркі халықтарының арғы тарихын, көне түркі тілінің қалыптасып, дамуын, көне түркі этногенезін, түркі тілдес халықтарының шығу тегін, жалпы айтқанда, түркі халықтарын кешенді түрде зерттеуге арналған.

«Түркология» журналының негізгі тақырыптық бағыты қоғамдық ғылымдардың тіл тарихы және құрылымы, әдебиеттану және фольклор, тарих және этнография, этномәдениет және ұлттық таным, философия және дін, ясауитану, археология, өнер, музыка т.б. салаларын қамти отырып, гуманитарлық саладағы ғылыми жаңалықтарды жариялау, мақалалардың таралу ауқымы мен аумағын кеңейту, отандық және шет елдердегі түркологтармен ғылыми  байланысын нығайту. Журналда отандық ғалымдар және АҚШ, Әзірбайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, т.б. елдердің түрколог-ғалымдарының мақалалары жарияланып отырады.  «Түркология» журналы отандық және шетелдік ғалымдардың бір-бірімен ғылыми әріптестестігіне қолдау жасайды. Олардың білім және тәжірибе алмасуына ынталылық танытады.

Журнал қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілінде жазылған мақалаларды жариялайды. Шетелдік мамандардың еркін түсініп және тәжірибе, ой алмасуы үшін барлық мақалалардың түйіндемесі қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілінде беріледі. Журналдың  бас редакторы, редакциялық алқа мен кеңес құрамына түркология саласының жоғары  дәрежелі ғалымдары енгізілген. Олар ҚР, Ресей, Түркияның беделді  оқу орындарында еңбек етеді.

«Түркология» журналының оқырмандары – магистранттар, докторанттар, гуманитарлық салалар бойынша ғылым кандидаттары, профессорлар, академиктер, ғылым қызметкерлері, т.б.

Редакция ұжымы «Түркология» журналын ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды негізге алып ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосуды, Sckopus, Elsevier базаларына енуді өзінің аса маңызды және айрықша бағыты етіп ұстанады. Журналдың 2016 жылдан бергі электрондық нұсқасы Қазақстаннның электрондық кітапхана қорына енгізілген.

Журналға ұсынылатын мақалалар түркология саласындағы өзекті мәселелерді, ғылыми жұмыстар мен тәжірибенің маңыздылығын ашып көрсететіндей мақсатта жазылуы тиіс. Редакцияға тапсырылатын мақала журналдың авторларға қоятын талаптарына сәйкес болғаны, тақырыбы түркологиядағы маңызды зерттеудің бүгінгі күн талаптарына негізделгені жөн. Зерттеу жұмыстарының тың, жаңашылдығына мән берілген дұрыс. Мақала жоғары деңгейде ғылыми тұрғыдан зерттелген жұмыстардың қорытындысын түйіндегенде ғана ізденушілер мен ғалымдардың, кәсіби мамандардың, оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Журналға мақала тапсыратын авторлардың барлығының құқығы тең, олардың ешқайсысына да тұрған жері, ұлты және ғылыми дәрежесіне байланысты шектеулер қойылмайды және артықшылықтар берілмейді. Ең бастысы – мақаланың бұрын-соңды ешқандай бұқаралық ақпарат құралдарында  жарияланбағаны шарт. Журналдың шығарушы және жауапты редакторларының сүзгісінен өткен мақалалар  профилдік рецензенттерге жолданады. Барлық мақалалар рецензияланады. Журналдың рецензенттері ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан танымал ғалымдардан тұрады. Рецензиялау мақалалардың маңызды, мәнді, мағыналы болуына ықпал етеді. Рецензенттің ұсынысымен мақала толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін авторға кері қайтарылуы да мүмкін. Ал, рецензенттің жоғары бағасына лайық деп танылған жұмыстар баспаға жіберіледі. Рецензенттерден өткен мақалалардың бәрі плагиаттық тексеруден өтеді. Егер олқылық байқалса, мақала баспаға жіберілмейді. Мақала басылғаннан кейін бүкіләлемдік ғаламтор желісі арқылы журналдың сайтына және  ғылыми электрондық кітапханада жариялауға тіркеледі.